2015 жылғы 26 наурыз, Астана қаласы
Ақылы автомобиль жолымен (жол учаскесімен) жүріп өту үшін ақы алу қағидаларын бекіту туралы
«Автомобиль жолдары туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 3-тармағына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Ақылы автомобиль жолымен (жол учаскесімен) жүріп өту үшін ақы алу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті (М.Қ.Пішембаев):
1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшалары көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушы Ж.ҚАСЫМБЕК
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі
__________Б.СҰЛТАНОВ
2015 жылғы 15 сәуір
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі
__________ Қ.ҚАСЫМОВ
2015 жылғы 2 сәуір
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушының
2015 жылғы 26 наурыздағы №318 бұйрығымен бекітілген
Ақылы автомобиль жолымен (жол учаскесімен) жүріп өту үшін ақы алу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ақылы автомобиль жолымен (жол учаскесімен) жүріп өту үшін ақы алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Автомобиль жолдары туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң)
5-бабына сәйкес әзірленді және жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолымен (жол учаскесімен) жүріп өту үшін ақы алу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақылы жүруді ұйымдастырушы – Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор немесе концессионер;
2) ақылы жүруді ұйымдастыру – қазіргі заманғы ақы төлеу тәсілдерін, автокөлік құралдарының габариттерін, салмағын айқындайтын техникалық құралдарды пайдалану арқылы жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдары (жол учаскелері) бойынша жүріп өту үшін ақы алу процесі;
3) ақы алу пункті – жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарында (жол учаскелерінде) орналасқан, автокөлік құралдарын бақылау мен бірдейлендіруге мүмкіндік беретін техникалық құралдармен жабдықталған және онда автомобиль жолдарын пайдаланушылар жүріп өту үшін ақы төлеуді жүзеге асыратын өткізу пункті;
4) POS-терминал – жүріп өту үшін ақы төлеу ретінде автоматты режимде қолма-қол ақша қабылдауды немесе төлем карточкаларын пайдалану арқылы қолма-қол жасалмайтын төлемдерді қабылдауды жүзеге асыратын электрондық-механикалық құрылғы;
5) аралық шеп – автокөлік құралдарын, оның ішінде ақы алу пункттерін айналып өтіп жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) шыққан автокөлік құралдарын бірдейлендіруге және есебін жүргізуге мүмкіндік беретін, жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарының (жол учаскелерінің) бойында орналасқан техникалық құралдар;
6) қашықтықтан ақы төлеуге арналған құралдар – техникалық құрылғы, оны пайдалану кезінде автокөлік құралы ақы алу пункті арқылы жүріп өткен кезде жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолы (жол учаскесі) бойынша жүріп өту үшін ақы автоматты түрде жүзеге асырылады;
7) автомобиль жолдарын пайдаланушылар – жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе автомобиль жолдарына бөлінген белдеу мен жол бойындағы белдеу шегінде өзге де қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.
2. Ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) жүріп өту үшін ақы алу тәртібі
3. Автокөлік құралдарының ақылы жүріп өтуін ұйымдастыру жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарына (жол учаскелеріне) өту мен шығу жолдарында орналасқан ақы алу пункттерінде жүзеге асырылады.
4. Жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолымен (жол учаскесімен) жүріп өту автомобиль жолын пайдаланушының Ұлттық оператормен немесе концессионермен жасасқан шарты негізінде жүзеге асырылады. Жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) кіру пунктін кесіп өткен кез шартты жасасу кезі болып табылады. Ұлттық оператор немесе концессионер мен ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) пайдаланушылар арасындағы жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) пайдалануға арналған шарт жария шарт болып табылады.
5. Автомобиль жолдарын пайдаланушылардан жүріп өту үшін ақы «Автомобиль жолдары туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органы бекіткен жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдары (жол учаскелері) бойынша жүріп өту үшін ақы алу ставкасы бойынша алынады.
6. Жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолы (жол учаскесі) бойынша автокөлік құралдарының жүріп өту үшін ақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүргізіледі.
7. Жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы жүруді ұйымдастырушы ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) пайдаланушылар үшін жүріп өту үшін ақы төлеудің мынадай тәсілдерін қамтамасыз етеді:
1) ақы төлеу жүргізгенін растайтын құжат пен артық ақшаны қайтарып беру арқылы POS-терминалға қолма-қол ақшамен;
2) POS-терминал арқылы төлем карточкасынан қолма-қол жасалмайтын төлем арқылы;
3) қашықтықтан ақы төлеуге арналған құралдардың көмегімен алдын ала ақы төлеу.
8. Ақылы жүруді ұйымдастырушы жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) шығу алдында ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) шығу туралы ақпараттық табло орнатады. Ақпараттық таблода сондай-ақ мынадай ақпарат орналастырылады:
1) ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) жүріп өту үшін ақы ставкалары;
2) учаскенің ұзындығы;
3) жүріп өту үшін ақы төлеудің ықтимал тәсілдері;
4) ақылы жолдарды (жол учаскелерін) пайдаланғаны үшін ақы төлеуден босатылған автомобиль жолдарын пайдаланушылардың тізбесі;
5) басқа да пайдалы ақпарат.
9. Ақылы жүруді ұйымдастырушының ақы алу пункттерінде өз өкілдері бар, олар жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) жүріп өту мен ақы төлеу тәртібіне қатысты пайдаланушыларға туындаған сұрақтар бойынша түсініктеме береді.
10. Жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) автокөлік құралдарының ақылы жүріп өтуін ұйымдастыруды ақылы жүруді ұйымдастырушы ақы алу пунктінде жол кептелістері қалыптаспайтындай қамтамасыз етеді.
11. Жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) жүріп өту үшін қашықтықтан ақы төлеуге арналған құралдардың көмегімен ақы төлеу үшін ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) пайдаланушылар жүрместен бұрын алдын ала қашықтықтан ақы төлеуге арналған құралды ол сатылатын жерлерде сатып алады және оны осы құралдарға қоса берілген нұсқамаға сәйкес пайдаланады.
12. Егер ақы алу пункті арқылы жүріп өткен кезде автомобиль жолын пайдаланушының жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолымен (жол учаскесімен) жүріп өту үшін ақы төлеуді жүзеге асыру мүмкіндігі болмаса, ақы төлеу үшін шотты ақылы жүруді ұйымдастырушы автокөлік құралының иесіне автокөлік құралының тіркелген мекенжайы бойынша жібереді және деректер құпия ақпарат болып табылады.
Ақылы жүруді ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, оған үшінші тұлғалардың қол жетімділігін шектейді. Деректер ақылы жүруді ұйымдастырушының серверлік жабдығында жинақталады және бір жыл бойы сақталады.
13. Ақы алу пункті және/немесе аралық шеп арқылы жүріп өткен кезде ақылы жүруді ұйымдастырушы бірдейлендіру техникалық жабдық арқылы автокөлік құралдары туралы деректерді жинауды және тіркеуді жүзеге асырады.
Мұндай деректер автокөлік құралының тіркеу нөмірлік белгісін, жүріп өту күні мен уақытын бекітетін автокөлік құралдарының бейнесуреті болып табылады.
14. Егер автокөлік құралы ақы алу пунктін айналып өтіп жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) өткен болса, мұндай көлік құралы туралы деректер аралық шептерде белгіленіп, ақы мөлшерін айқындау үшін және автокөлік құралының кейіннен жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолы (жол учаскесі) арқылы шығуы кезінде ақы алу үшін ақы алу пунктінің жабдығына жіберіледі.
15. Автокөлік құралы ақы алу пунктін айналып өтіп жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолынан (жол учаскесінен) шығып кеткен жағдайда жүріп өту үшін ақы осы Қағидалардың 11-тармағында белгіленген тәртіппен автокөлік құралының иесінен алынады.
16. Автокөлік құралы жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) басқа автокөлік құралын сүйреп жүріп өткен жағдайда ақы көлік құралдарының екі бірлігінен де алынады.
17. Жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін), оның ішінде концессияға берілген ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) пайдаланғаны үшін ақы төлеуден:
1) қызметтік міндеттерін орындаған кезде:
жедел медициналық жәрдем ұйымдарының;
өртке қарсы қызметтің;
авариялық-құтқару қызметтерінің;
жол-патруль қызметінің;
әскери техниканың арнаулы автокөлік құралдары босатылады;
2) қала маңындағы қатынастарда және жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолына (жол учаскелеріне) іргелес елді мекендерді: кенттерді, ауылдарды аудан немесе облыс орталықтарымен, астанамен немесе республикалық маңызы бар қалалармен қосатын қатынастарда жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын автобустар;
жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) іргелес аудандардың аталған әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген автобустары бір аудан шегінде жүріп-тұру үшін;
жүк автокөлік құралдары, өздігінен жүретін доңғалақты ауыл шаруашылық, мелиорациялық машиналар таяу көлікке арналған айрықтары арасындағы жол кесінділері шегінде су тосқауылдары мен темір жолдарды кесіп өту үшін;
жалпы пайдаланымдағы халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) іргелес аудандардың жеке заңды тұлғаларының аталған әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген жеңіл автомобильдерді бір аудан шегінде жүріп-тұру үшін босатылады.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 22 мамырдағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №11128 болып енгізілді.